2026 жылғы 8 қазанда Астана қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің картография мекемелері басшыларының үшінші кездесуі өтті. Іс-шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің өкілдері, сондай-ақ ТМҰ Бас хатшысының орынбасары қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар геодезия, картография және геоақпараттық технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, кәсіби тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің картография қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бірыңғай жалпытүркілік картаны жасау және географиялық атаулардың ортақ каталогын қалыптастыру бастамаларына ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар геокеңістіктік деректер саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға бағытталған Декларацияға қол қойды.